Akashi Data Center пен China Mobile Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Цифрлық экономика форумында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Форум 2025 жылғы 11 шілдеде Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтті.

Құжат дата-орталықтардың интеллектуалды инфрақұрылымы, жасанды интеллект индустриясын дамыту және Қазақстанда есептеу қуаттары желісін құру саласындағы ынтымақтастықты қамтиды. Akashi-дің айтуынша, бұл — China Mobile-дың Қазақстандағы алғашқы жобасы.

Тараптар халықаралық ЖИ модельдерінің есептеу қуаттарын енгізуге және интеллектуалды салалық хабтарды дамытуға назар аударады. Қазақстандық компания серіктестік елді Орталық Азияның цифрлық хабы ретінде нығайтатынын атап өтті.

Akashi — елдегі ең ірі дата-орталық жобасы: өңірдегі алғашқы Tier IV нысанның құрылысы 17 маусымда басталды, бірінші кезек 2026 жылдың I тоқсанында іске қосылуы тиіс.


Дереккөз: Kursiv Media